Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің үндеуін қолдаған қазақстандықтардың ортақ ұстанымы осындай
Қызу қолдау тауып отыр Палата депутаттары Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын қолдау өтініші бойынша Елбасына Қазақстан Парламенті Мәжілісінің үндеуін жолдады. Онда былай делінеді: Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтерді. Осындай ұсыныстар Парламентке еліміздің барлық өңірлерінде тұратын және халықтың түрлі әлеуметтік топтарының өкілдері болып табылатын сайлаушылардан бірнеше рет түскен болатын. Бұл бастама саяси партиялардан, азаматтық қоғам институттарынан, кәсіпкерлерден, ардагерлер мен жастардан қызу қолдау тапты. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу қажеттігі туралы қоғамдық пікір Қазақстанға ықпал етіп отырған объективті геосаяси және сыртқы саяси жағдайларды ұғынудан туындап отыр. Болып жатқан жаһандық өзгерістер оларға біздің тарапымыздан тиісінше ден қоюды талап етеді. Бұл жолда табысқа жету халқымыздың Елбасы мен ол ұсынған іс-қимыл бағдарламасы төңірегіне топтасқандығын тағы бір қуаттаған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Жалпыхалықтық бастаманы депутаттық корпус қолдап отыр, өйткені, таяу уақытта бүкіл қоғамның күш-жігері әлемдік дағдарыстың қауіп-қатерлерін Отанымызды дамытудың жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларына айналдыру ісіне бағытталуға тиіс. Біз, Парламент Мәжілісінің депутаттары осы сайлау Қазақстанның мемлекеттілігін одан әрі нығайта түсу жолындағы аса маңызды стратегиялық кезең болатынына сенімдіміз. Халқының сенім мандатына ие болған Мемлекет басшысының бастауымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасының барынша тиімді іске асырылуы қамтамасыз етілетін болады. Бұған қоса, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу оның уақыты жөнінен кезекті парламенттік сайлаумен тұспа-тұс келуін болдырмауға мүмкіндік береді. Сол арқылы сайлау науқандарының сапасы мен ішкі саяси тұрақтылық қамтамасыз етіледі. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, делінген үндеудің соңында, Сізден, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасына қолдау білдіруді және республикамыз Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес Президенттің мерзімінен бұрын сайлауын тағайындау туралы мәселені қарастыруыңызды өтінеміз.Тұғырымызды бекіте түсейік
Шынын айту керек, дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарыс төңірегіндегі әңгіме тереңдеген сайын «келесі жылы қос бірдей сайлауды өткізу қалай болар екен» дегендей сезік алып, іштей күмәнданып жүретінбіз. Енді, мінеки... еліміздің ертеңін бүгіннен ойлап, қалыптасқан жағдайды нақты бағалай білетін азаматтар арамызда бар екен. Сарапшылар қазіргі әлем құрдымның үстінде, дүбәра дүние белгісіздіктің алдында тұр деп дабыл қағуда. Өзіміздің мамандарға жүгінсек, біздің қазақ дағдарыс дегенді әлі басынан кешпеген сияқты, оның мәнін толық түсініп болған жоқ тәрізді. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, дағдарыс біздің алдымызда, биылғы жылдың аяғы мен келесі жылы ол шарықтау шегі – апогейіне жетеді деген болжам жасалуда. Олай болса, кітапханашылар қауымдастығы да осы бастан еліміздің ішкі жағдайы мен сыртқы қауіпсіздігін сергек сараптап, қауіп-қатердің алдын алған дұрыс деп табуда. Сондықтан, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың баршасы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі бастамасын толығымен қолдайды деген сенімдеміз. Ал, жаһандық сын-қатерлер есік қағып тұрған қазіргідей күрделі уақытта, әлемде тұрақсыздық орын алған бүгінгідей өтпелі кезеңде осы бастан тұғырымызды бекітіп, бетімізді ашып алғанның несі айып! Елбасымыз еліміздің болашағына, мемлекетіміздің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық бағдарламалардың баршасына өзі бастамашы екенін халқымыз жақсы біледі. Ендеше, сол бағдарламаларды соңына дейін жеткізуді Елбасының өзіне тапсырып, жаңадан мандат бергеніміз жөн емес пе! Сол арқылы біз елдегі тұрақтылық пен бірлікті күшейте түсеміз. Ал тұрақтылық пен бірлік дәл қазіргі алағай да бұлағай заманда 100-ден астам этнос өмір сүріп жатқан, 20-ға тарта конфессиясы бар Қазақстанға ауадай қажет. Оның үстіне бәріміз білеміз, көп заманнан бері өзіміз де куәміз – Нұрсұлтан Әбішұлы басымызға түскен бұған дейінгі де қиын жылдардан, тұйыққа тіреген нелер бір тығырықтан елін де, халқын да аман-есен алып шығып еді ғой! Бұл аумалы-төкпелі дағдарыстан да бізді аман шығаратыны кәміл. Сол үшін де президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы бастаманы еліміздің кітапханашылары да дер шағында көтерілген ұсыныс деп, қолдау білдіруде. Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры.Халықтың тағдырын шешетін сайлау
Кеше Ұлттық ғылым академиясында бірқатар академиктер бас қосқан отырыс өтті. Оған ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, ҰҒА-ның төралқа мүшесі, академик Еренғайып Шайхутдинов, академиктер Алшынбай Рақышев, Николай Иванов қатысып, Ұлттық ғылым академиясы да сайлауды биыл мерзімінен бұрын өткізуді қолдайтындығы жайлы төралқаның шешімін жария етті. Басқосуда ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов кеше Астанада өткен Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы отырысына қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысын қолдағанын жеткізе келе, оны өткізудің қажеттілігінің негізгі екі себебіне тоқталды. – Біріншіден, елімізде келесі жылы президенттік және парламенттік сайлаулар өтуі тиіс. Бірақ Конституциялық заң бойынша бір жылда мемлекеттік дәрежедегі екі сайлау өткізуге болмайды. Ендеше, биыл не парламенттік, я болмаса президенттік сайлау өтуі керек. Ал президенттік сайлау елдің тағдыры үшін маңызды. Сондықтан президенттік сайлау 2015 жылы өткені дұрыс. Екінші себебі, экономикалық жағдайға қатысты. Қазір халықаралық жағдайда Ресейге қойылған санкцияларға байланысты әлемдегі алпауыт мемлекеттер мұнайдың бағасын түсірді. Соның салдарынан Ресейдің рублі екі есе құнын жоғалтты. Соған сәйкес, ондағы қарапайым халықтың тұрмысы да екі есе төмендеді. Бірақ Қазақстанда, шүкір, ондай жағдай жоқ. Теңге орнында, экономика орнында. Халықтың жағдайын бірқалыпты ұстап тұру үшін Ұлттық қордан Елбасы қомақты қаржы бөлді, – деді академик М.Жұрынов. Одан әрі ол болашақта халықаралық, экономикалық әртүрлі жағдайлардың болуы мүмкіндігін, сондықтан ондай қиындықтың алдын алып, етек-жеңімізді жинау қажеттігін айта келіп, президенттік сайлауды биыл өткізу мәселесі орынды көтеріліп отырғанын алға тартты. Бұл сайлауды тез арада және Қазақстан халқының бірлігін, оның экономикалық, саяси жағдайын ушықтырмай жақсы өткізуге барлық мүмкіндіктер бар, деді ол. Мұрат Жұрыновтың айтуынша, жалпы Қазақстан шығаратын ішкі жалпы өнімнің құны 189 млрд. доллар десек, кіндік Азияның төрт мемлекетін қосқанда олардың ІЖӨ-сі 81 млрд. доллар. Яғни, Қазақстан шығаратын өнімнің жартысына да жетпейді. Ал халқының саны бізден үш есе көп болса да дағдарысқа дейінгі Украинада 164 млрд. долларды құраған екен. Міне, сондықтан биыл президенттік сайлауды, келесі жылы парламенттік сайлауды ұйымшылдықпен өткізуге мүмкіндік бар. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.Сенім көпірі
Қазақстан халқы Ассамблеясы көтерген Қазақстан Президентін сайлауды мерзімінен бұрын өткізу мәселесі – ел мүддесімен өзектес, уақыт сынымен сабақтас бастама. Елбасы сайлауын алдын ала өткізу – экономикалық және саяси қажеттілік. Бүгінгі таңда алпауыт елдердің өзін ойландырып отырған қаржылық дағдарыс қарқындамай сайлау өткізіп алу – ел бюджеті үшін ғана емес, тыныштығы мен тұрақты дамуы үшін де тиімді. Болжам бойынша, дағдарыстың шарықтау шегі 2016-2017 жылдарға сәйкес келмек. Оның үстіне, уақыт пен алыс-жақын мемлекеттердегі саяси тұрақсыздық тәуелсіз еліміздің адымды алға басуын, қалыптасқан ішкі-сыртқы саясатының одан әрі қарай жүйелі жалғастырылуын талап етіп отыр. Міне, осы тұрғыдан алғанда, президенттік сайлаудың биыл өткізілуі елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынына сенімдімін. Себебі, бұл сайлау сыртқы экономикалық дағдарыстың кері ықпалын табысты еңсеруге көмектеседі деп ойлаймын. Әрине, заң бойынша Елбасы ғана сайлауды тағайындай алады. Шешім шыққаннан кейінгі 2 ай ішінде сайлау өтуі тиіс. Ал сайлаудың өзіне келетін болсақ, «өткел үстінде ат ауыстырмайды» деген ұстаным бар. Дәл қазіргі таңда Елбасын қолдау – елдікті қолдау. Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіздік тарихын елімен бірге жасасып келе жатқан тарихи тұлға. Бүгінгі басшының көрегендігі мен келешекті болжай алатын ерекше қасиетінің, сабырлы саясатының нәтижесінде бүгінде Қазақ елі Мәңгілік Ел болу жолында алға қарай қарышты адымдап келеді. Әлемнің 69 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып отырған Қазақстан дос сүйсініп, дұшпан күйінетін жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Өткен жылдың аяғында жариялаған халыққа Жолдауында Елбасы Үкіметке нақты тапсырма беріп қана қоймай, проблемалардан шығудың жолдарын да нақтылады. Президентке стратегиялық мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беруіміз керек. Еш нәрсе мәңгілік емес, әрине. Бірақ дәл қазіргі уақытта біз дұрыс таңдау жасауымыз шарт. Қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өлкесі Нұрсұлтан Әбішұлының сайлауға түскенін қалайды және оны толық қолдайды. Әр келген сапары жұртшылыққа жылылық пен шуақ, еңбек адамдарына сенім мен серпіліс сыйлайтын Елбасының қайта сайлануы еліміздегі тұрақтылық пен даму факторының негізі. Бұл – халық тілегі. Ел басқару – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Қабанбай батырдың «Басшы біреу болу керек, басқасы басшыға тіреу болу керек» деген сөзін есте ұстаған дұрыс. Бұл сайлау елдіктің, ұлттық бірліктің таразыға түсер сәті. Сондықтан, Елбасын таңдау – елтанымдылық пен ынтымақ-бірліктің ерен үлгісі. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – феномен, дүниежүзілік саяси аренадағы басшылар санасар сыйлы саясаткер. Ұлттық құндылықтарды бағалай, әлемдік саяси оқиғаларды бағамдай алатын, табиғатынан талантты басшы. Ақылдылығы мен алғырлығын, терең білімі мен тәжірибесін ел мүддесіне жұмсап келе жатқан ізденімпаз жан. 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды түзуі оның алысты болжай алатын көрегенділік қасиетін танытты. Ол осы күнге дейін берген уәделерін орындады, орындап та келеді. Бұдан кейін де ел үшін қызмет етпекті басты мақсат етіп ұстанары ақиқат. Біз тек қолдаймыз. Дәл қазір Н.Назарбаевқа балама жоқ. Ол – аксиома. Біз, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттіктен үміткер болып тіркелуін қалаймыз. Осы өтінішімізді қанағаттандыруды ыждағаттылықпен сұранамыз. Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихаттың депутаты. ШЫМКЕНТ.